Құрметті түлектер, ұстаздар, ата-аналар!
Қымбатты оқушылар!
«Назарбаев Зияткерлік мектептері» дербес білім беру ұйымы атынан 2019-2020 оқу жылының аяқталуымен құттықтаймын! Биыл еліміздің барлық Назарбаев Зияткерлік мектептерін 2170 түлек аяқтап, өмірдің жаңа белесіне қадам басады.
Әрине, білім саласында тереңнен тамыр тартатын, ұрпақтар сабақтастығының алтын арқауы, академиялық ерекше дәстүріміз «Соңғы қоңырау» мерекесін Мектеп қауымдастығы, ата-аналар ізгі ниетпен, үкілі үмітпен күтетініміз рас.
Өкінішке орай, биыл «Соңғы қоңырау» мейрамы әдеттен тыс жағдайға тұспа-тұс келді. Барлық әлем елдерімен бірге пандемияға айналған коронавирустың салдарынан күрделі сынақты біз де бастан өткеріп жатырмыз.
Биылғы оқу жылында Назарбаев Зияткерлік мектептерінің оқушылары 81 өнертабыс патенті мен авторлық құқыққа ие болды. 33 оқушы зерттеу жобалары үшін арнайы қаржылай гранттар ұтып алды, 195 оқушы – түрлі деңгейдегі пән олимпиадалары мен ғылыми жарыстардың жеңімпаздары атанды. Сонымен қатар, әлемнің үздік университеттері: Назарбаев университеті, Гарвард, Upen, Стэнфорд және QST рейтингінің алғашқы жүздігіне кіретін басқа университеттердің білім гранттарын иеленген 402 оқушымызбен мақтанамыз.
Құрметті түлектер!
Білімнің дамуы – бүгінгі адамзат өркениетінің өлшемі, қоғам дамуының басты көрсеткіші болып қала бермек.
Сіздер жаңа ғасырға сай сапалы білім алдыңыздар! Мақсаткерлік пен еңбексүйгіштікті үйрендіңіздер! Соның арқасында кез келген қиындықтан мойымай, үлкен өмірдің сан тарау жолдарында жауапкершілікпен шешім қабылдайтындарыңызға сенеміз!
Енді біз, ұстаздар, ата-аналар Сіздерге үміт артамыз!
Отанымыз – Қазақстанның қуаттылығын нығайтуда жасампаздықпен еңбек етіңіздер!
Жолдарыңыз болсын! Аман болыңыздар!
Ізгі ниетпен,
«Назарбаев Зияткерлік мектептері» ДББҰ басқарма төрайымы
К. Шамшидинова