2019 жыл 13 ақпанда Астана қаласы физика-математика бағытындағы Назарбаев Зияткерлік мектебі кітапханасында «Тәтті кітап» – «Tasty Books» фестивалі өтті. Фестивальдің мақсаты: «Зияткерлік мектеп оқушыларына оқуға ұсынылатын 100 кітап» тізіміне енген кітаптарды насихаттау, көркем әдебиетті көп оқуға шақыру. Мектеп кітапханасы ұйымдастырған осынау ерекше фестивальге 7-сынып оқушылары мен олардың ата-аналары қатысты.
Фестивальге дайындық барысында балалар «100 кітап» жобасындағы кітаптардың бірін таңдап, шығармамен жан-жақты танысты. Ал фестиваль кезінде ата-аналар көмегімен алдын-ала дайындалған тәтті күлшелерден торт дайындап, оны безендірді. Қатысушылар «Менің атым Қожа», «Alice in W0nderland», “Приключения Тома Сойера”,”The Little prince”,”Пиковая Дама” кітаптарының тәтті мұқабасын ұсынды. Ұсынып қана қоймай, көрермендерді кітап мазмұнымен, авторымен таныстырды, бас кейіпкерлердің рөлін сомдап, кітап желісі бойынша шағын көрініс көрсетті.
Мектеп әкімшілігі мен мұғалімдерден тұратын қазылар алқасы оқушылардың шығармашылық еңбегін жоғары бағалап, «Ең үздік балалар кітабы» ,«The Best Art Book», «Книга всех времен», «Книга – Bestseller», «Самая вкусная книга». номинациялары бойынша жеңімпаздарды анықтады.
Мектеп директоры Жакенов Мейрам Әміржанұлы фестивальге қатысушыларға алғыс айтып, жеңімпаздарға дипломдар мен сыйлықтар табыс етті. «Әлемде өзіне кітаптай тартатын қызық жоқ. Мыңдаған жылдар бойы сақталған даналықты біз тек кітаптан ғана таба аламыз. Бүгінгі біз көрген «тәтті кітаптар» көбіміздің оқуға деген тәбетімізді ашты» – деді мектеп басшысы құттықтау сөзінде.
Қызықты да танымды, тәтті де дәмді «Tasty Books» фестивалі мектеп оқушыларының көркем әдебиетке деген құштарлығын арттырып, оқуға ынталандырғаны балалардың бал-бұл жанған жүздерінен көрінді.