«ТӘУЕЛСІЗДІК БӘРІНЕН ҚЫМБАТ» МАҚАЛАСЫН ТАЛҚЫЛАДЫ

Жақында Нұр-Сұлтан қаласы физика-математика бағытындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің педагогикалық ұжымы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың “Егемен Қазақстан” газетінде жарық көрген  жаңа мақаласын Microsoft Teams онлайн платформасында талқылады.  Қазақстан Республикасы Егемендігінің отыз жылдығына арналған   «Тәуелсіздік бәрінен қымбат» деп аталатын мақаламен педагогикалық ұжымды тарих пәнінің мұғалімдері  Ержан Омарканович Шагимолдин мен Игорь Александрович Тен таныстырды. Ұстаздар «Бағдар мен белес», «Таным мен тағылым», «Қоғам мен құндылық», «Ұлағат пен ұстаным» атты төрт бөлімнен тұратын мақаланы таныстырып,  Мемлекет басшысы назар аударған  кемел ойлармен бөлісті.

Спикерлер  мақалада көрсетілген егемендігіміз бен елдігіміздің тірегі болатын басты бағыттарға тоқталып, іргеміздің берік болуы үшін қажет шараларды да айқындап берді. Қазақ және орыс тілдерінде хабарлама дайындаған баяндамашылар қоғамды мазалап жүрген жер мәселесі бойынша Мемлекет басшысының жауабына да тоқталып өтті.

Зияткерлік мектеп ұжымының 170 аса  қызметкері болашақ ұрпағының жарқын келешегі үшін еңбек етуге шақырған Президент мақаласының әлеуметтік – тәрбиелік саяси мәні зор деп таныды. Еліміздің Егемендігінің отыз жылдығы аталып өтетін 2021 жылы білім саласындағы өзекті мəселелер ұтымды шешімін тауып, ел игілігі үшін оң өзгерістер болатынына кәміл сенетіндіктерін білдірді.