Тағы да жаңа жылыңызбен!

12 ақпанда Астана қаласы физика-математика бағытындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің кітапханасында ай күнтізбесіне сай жаңа жылды қарсы алуға арналған Көктем мерекесі өтті.

Ағымдағы оқу жылында мектепте қытай тілі ағылшын тілімен қатар екінші міндетті шеттілі ретінде оқытыла бастады. Жас зияткерлер элективті курстар арқылы қытай тілінің қыр-сырын асқан қызығушылықпен үйреніп, шығыс мәдениетімен танысады.

Көктем мерекесіне әлемнің әрбір бесінші тұрғыны сөйлейтін қытай тілін оқып-үйреніп жүрген елуден аса оқушы қатысты. 8-9-сынып оқушылары викториналық сұрақтарға жауап беріп, қытай халық әнін орындады, жыл басына таласқан жануарлар туралы қытай аңызының желісімен сахналық қойылым көрсетті.

Қытай тілінің мұғалімдері Айтжанова Меруерт пен Ем Алинаның айтуынша, шығыс күнтізбесіне сай жаңа жыл 5 ақпан-4 наурыз аралығында өз күшіне енеді. Ай жаңа жылын шамдар мерекесіне дейін жарты айға жуық тойлайды. Көктем мерекесі деп аталатын жаңа жылды қарсы ала отырып, Зияткерлік мектеп оқушылары қытай мәдениетімен, жаңа жылды қарсы алу тарихымен, салт-дәстүрлермен  танысты, өздерінің қытай тілін қалай меңгергендігін анықтады.