ТАЛАПТЫҢ МІНІП ТҰЛПАРЫН, БІЛІМГЕ ҰМТЫЛ ҰРПАҒЫМ!

Нұр-Сұлтан қаласы  физика-математика бағытындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінде бүгін Microsoft Teams платформасында ұйымдастырылған Білім күніне арналған салтанатты жиын өтті.

 

Ерекше құттықтау тілектер бұл күні Қазақстан Республикасы Тұңғыш Президентінің «Өркен» білім Грантын иеленіп, Зияткерлік мектептің оқушысы атанған 168 дарынды оқушыға арналды.  Салтанатты жиынды ашқан мектеп директоры Мейрам Жакенов мектеп ұжымын Білім күнімен құттықтады.

«Елбасы атындағы білім шаңырағындағы әрбір күн қызықты сабақтармен, жарқын жаңалықтармен ұштассын! Өздеріңе деген сенімді ақтап, білімдегі, өнердегі жетістіктеріңмен мықты екендеріңді  дəлелдей беріңдер. Зияткерлік мектепті бітірген түлектердің жетістіктері сіздер үшін үлгі, өнеге болады» – деді Мейрам Әміржанұлы өз сөзінде.

          Мектептің жас өнерпаздары «Жігер» домбырашылар ансамблі,  «Цейтнот», вокалды аспаптар  ансамблі, «Асыл мұра» би тобы мектеп ұжымына музыкалық тарту жасады.

Мерекелік салтанаттың құрметті қонағы, мектептің Қамқоршылық Кеңесінің төрағасы  Исламбек Торебайұлы Салжанов оқушылар мен олардың ата-аналарын, мектеп мұғалімдерін жаңа оқу жылының басталуымен құттықтап, оқу мен еңбекте табысты болуды тіледі.

Жаңа оқу жылының басталғанын әлемге жария еткен алғашқы қоңырауды соғу құрметі 12-сынып оқушысы, оқу үздігі  Исмагулов Темирлан мен  7-сынып оқушысы Рахимбергенова Арнаға берілді.

Мектеп тарихында бірінші рет қашықтан соғылған күміс  қоңырау  оқушылар мен ұстаздарды 2020-2021 оқу жылындағы алғашқы сабақтарға шақырды.