Тарихты білетін ұландардың білім байқауы басталды

Жаңа жылдың 3-7 қаңтарында Астана қаласы физика-математика бағытындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінде жалпы білім беретін пәндер бойынша мектеп оқушыларының республикалық олимпиадасының 3(желілік) кезеңі өткізілуде.

3 қаңтарда Қазақстан тарихы мен Құқық негіздері бойынша олимпиаданың ашылу салтанаты өтті.

3-7 қаңтарда Назарбаев Зияткерлік мектептерінің 10-12-сыныптарында оқитын, тарихқа ерекше қызығушылық танытатын 60 оқушы Қазақстан тарихы мен Құқық негіздері бойынша білімдерін сынға салады. Олар олимпиаданың 2 турында тарихи оқиғалардың логикалық сабақтастығын анықтауды талап ететін сұрақтарға жауап беріп, берілген тақырыптар бойынша эссе жазады, сол тақырыптар бойынша ой толғайды. Жас тарихшылар Қазақстанның болашағы, ел беделінің артуы туралы өз тұжырымдарын айтып, «Ұлы даланың» брендіне айнала алатын дәстүрлер туралы ой бөліседі.

Мектеп оқушыларының білімі мен сөз шешендігін құрамында С. Сейфуллин атындағы қазақ агротехникалық университеті мен М.С.Нәрікбаев атындағы КАЗГЮУ Университетінің оқытушылары бар қазылар алқасы бағалайды.

Олимпиаданың ашылу салтанатында сөз сөйлеген «Назарбаев Зияткерлік мектептері» дербес білім беру ұйымының Басқарма төрайымы  Күляш Ноғатайқызы Шәмшидинова қатысушыларға сәттілік тілеп, ел тарихын білу маңыздылығына тоқталды.

Желілік олимпиада жеңімпаздары 2019 жылдың наурызында өтетін Республикалық олимпиадада Зияткерлік мектептер намысын қорғайтын болады.