6 қазанда Нұр-Сұлтан қаласы физика-математика бағытындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінде Дүниежүзілік ғарыш апталығына сәйкес TEDx конференциясы өтті.
Конференцияны Аружан Аусат жетекшілік ететін мектептің Student Council командасы ұйымдастырды.
TEDx спикерлері – Ерасыл Тәуекел – NASA -да тағылымдамадан өткен мектеп оқушысы, ғарышты насихаттаушы, Дамира Зулкарнаева – IT маманы, ЕҰУ -дің ғарыштық инженерия және технология мамандығы бойынша түлегі, NU аэроғарыштық инженерия магистрі, Galam ғарыш кәсіпорнының конструкторы Мадина Калел, «Ғалам» ЖШС конструкторлық -технологиялық бюросының инженер-конструкторы Айман Мусина және KazAeroSpace жеке аэроғарыштық компаниясының стратегиялық даму департаментінің директоры Малика Баталова.
Баяндамашылар «Ғалам» ғарыштық кәсіпорнындағы жұмысы жайлы, ғарышкерлік саласындағы мансаптық мүмкіндіктер туралы, еліміздің ғарышты игеру болашағы және ғарыш саласындағы гендерлік теңдік жайында әңгіме қозғады.
TEDx спикерлерінің тақырыпты мазмұнды және қызықты ұсынуы конференцияға қатысушы жас зияткерлерде үлкен қызығушылық тудырды.
Айта кету керек, Дүниежүзілік ғарыш апталығы – жыл сайын 4-10 қазан аралығында аталып өтетін маңызды оқиға. Оның басты идеясы – ғарыштық ғылым мен техниканың адамзаттың әл-ауқатын арттыруға қосатын үлесін атап өту, оқушыларды ізденіске шабыттандыру арқылы болашақтың ғарыш мамандарын қалыптастыру болып табылады.