Бес күнге созылған желілік пән олимпиадасының қорытындылары жарияланар шақта астаналық физика-математика бағытындағы Зияткерлік мектептің 12-ші сынып оқушысы, халықаралық олимпиадаларға қатысып жүрген тәжірибелі олимпиадашы Темірлан Исмағұловпен таныстыруды жөн көрдік.
Темірлан физика пәні бойынша Қазақстан ұлттық құрамасының мүшесі, IPhO-2020 (International Physics Olympiad) Халықаралық физика олимпиадасының қола жүлдегері. Беделді халықаралық IPhO олимпиадасындағы осы жеңісі үшін дарынды оқушыға Қазақстан Республикасы Тұңғыш Президентінің Қоры тағайындаған «Ел мақтанышы» сыйлығы берілді. Сыйлық дарынды жастарды қолдауға бағытталған Елбасының «Ел үміті» бастамасының аясында тағайындалған.
«Сыйлық – бұл білім сайыстарында ерекшеленген оқушылардың жетістіктері мен оларды дайындаған мұғалімдердің еңбегін бағалаудың ең жоғарғы деңгейі. «Ел мақтанышы» сыйлығымен марапатталғандардың қатарында менің ұстазым, физика пәнінің мұғалімі Асылай Тулеуова да болды» – дейді Темірлан.
– Халықаралық олимпиада сияқты белестерге көтерілу үшін дайындыққа бірнеше жыл қажет. Бұл таудай талапты қажет ететін, жауапты да қиын процесс. Олимпиадаларда ең маңызды нәрсе – жоғары жетістіктер мен марапаттар емес, дайындық барысында алған біліміңнің тереңдеуі, біліктілігіңнің артуы.
Темірлан Исмағұлов бірнеше рет халықаралық олимпиадалардың жеңімпазы болды. 2019 жылы Баку қаласында жаратылыстану ғылымдары бойынша өткен халықаралық олимпиадада 2 орын алды, Азия олимпиадасына қатысты. 2020 жылы халықаралық Жәутіков олимпиадасының қола жүлдегері атанды.
Болашақта Темірлан материалтану – материалдардың қасиетін зерттейтін, жаңа материал жасау туралы ғылымды игеруге ниетті. Мақсатты жас келешекте ғылымдағы маңызды жаңалықтардың осы салада жасалатынына сенімді.