Нұр-Сұлтан қаласы физика- математика бағытындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің 12-сынып оқушысы Темірлан Исмагулов Қазақстан құрама командасының құрамында физикадан өткен халықаралық IPhO 2020 олимпиадасында үшінші жүлделі орынды жеңіп алды.
IPhO 2020 халықаралық олимпиадасы пандемияға байланысты 7 – 15 желтоқсан аралығында қашықтан ұйымдастырылды.
IPhO 2020 білім бәйгесіне әлемнің 40 елінен күрделі көп сатылы іріктеу кезеңдерінен өткен 200 жеңімпаз оқушы қатысты. Қазақстанның ұлттық құрама команда мүшелері физика пәні бойынша республикалық олимпиаданың жеңімпаздары мен жүлдегерлері болып табылатын 5 оқушыдан тұрды. Физикадан өткен халықаралық олимпиада қорытындысы бойынша Қазақстан құрамасы үш күміс және екі қола медальді жеңіп алды.
Қола медальдің бірін команда қоржынына салған Темірланның бұл бірінші жеңісі емес. Темірлан бірнеше халықаралық және республикалық олимпиадалардың жеңімпазы. Ол Азия олимпиадасының қатысушысы, 2019 жылы Бакуде өткен халықаралық олимпиаданың күміс жүлдегері. Енді талапты шәкірттің марапаттар тізіміне IPhO 2020 алған қола медалі қосылып отыр.
