Тоғыз құмалақ сайысы

Тоғызқұмалақ – логикалық ойлау өнері болып саналатын ұлттық интеллектуалдық ойын. Жасөспірім ұрпақтың ақыл-ойының дамуына зор мән берген бабаларымыз 4000 жыл бұрын осы ойынды ойлап тауып, балалардың пайымдауы мен зердесін, қабілеттілігін шыңдаған.

Бүгінде тоғызқұмалақ қайта жанданып, түрлі деңгейде халықаралық жарыстар жиі өткізіледі. Бұл ойынға Зияткерлік мектепте де ерекше мән беріледі. Мектепте “Тоғызқұмалақ” үйірмесі жұмыс істейді, оқушылар арасында ұлттық ойынды насихаттау мақсатында түрлі жарыстар ұйымдастырылады.

Жақында Назарбаев Зияткерлік мектебінің жатақханасында тоғызқұмалақтан сайыс болып өтті.

“Ақбұлақ” ата-аналар клубы ұйымдастырған бұл сайысқа «Дүниежүзілік Тоғызқұмалақ Федерациясының» Бас хатшысы, ҚР еңбек сіңірген жаттықтырушысы, филология ғылымының кандидаты Шотаев Мақсат Есенбекұлы жетекшілік етті. Бұл сайыс Мақсат Есенбекұлының зияткерлермен бірінші кездесуі емес. Осыған дейін тоғызқұмалақ ойынының жанашыры жатақханадағы оқушыларға арнап шеберлік сағатын ұйымдастырған болатын.

Енді міне, ойынға қызығушылық танытқан балалар өзара жарысқа түсіп, үздік ойыншыны сайыста анықтамақ.

Ойлау өнерінің сайысына 7-9 сынып оқушылары қатысты. Сайыста 9-сынып оқушысы Есенбек Салтанат 1 орынды жеңіп алды. 2 орынды 8-сынып оқушысы Мешітбай Жүсіп иеленді, 3 орынға 8-сынып оқушысы Орақов Ақпар ие болды. Жеңімпаздарға Мақсат Есенбекұлының авторлық қолтаңбасы қойылған “Тоғызкумалақ есептері мен этюдтері” атты кітабы сыйға тартылды.