«Туған елге тағзым» – тағлымы мол саяхаттар

Зияткерлік мектеп оқушылары бір-біріне қонаққа келіп, еліміздің түрлі аймақтарымен жақын танысуды дәстүрге айналдырған. Жыл сайын өткізілетін “Туған елге тағзым” атты танымдық жорық  мектеп оқушыларына туған жеріміздің табиғаты, еліміздің әлеуметтік-экономикалық, тарихи және мәдени дамуы жайлы жан-жақты білуге мүмкіндік беретін ерекше жоба.

21-27 қазан аралығында осындай мүмкіндікті пайдаланған Нур-Султан қаласы физика-математика бағытындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің 12 оқушысы «Туған елге тағзым» өлкетану-зерттеу экспедициясы бойынша Манғыстау өлкесіне аттанса, Алматы және Қарағанды қалаларындағы Назарбаев Зияткерлік мектептерінен 24 оқушы  Нур-Султан қаласына келді. Жоба аясында экспедициялық топтар елорда тарихымен егіз өріліп, бірге жасасып келе жатқан еңселі ескерткіштер мен бас қаланың ерекше сәулетін тамашалады. Нур-Султан аймағындағы танымал тарихи, мәдени нысандарды, атақты архитектуралық ғимараттарды  зерттеді.

Кешегі Ақмола, бүгінгі Нур-Султан тарихы дауылпаз ақын, көрнекті қоғам қайраткері Сәкен Сейфуллиннің өмірі мен шығармашылығымен тығыз байланыста болғандықтан жас өлкетанушылар бірінші зерттеу жұмысын Сейфуллин мұражайынан бастады. Нур-Султандағы ең көне ғимарат – көпес үйін көріп, қайраткердің жеке бұйымдары – мұражай жәдігерлерімен танысты.  Ауа райының қолайсыз болуына қарамастан өлкетану экспедициясына қатысушы оқушылар «Бұйратау» табиғи паркіне, ЮНЕСКО-ның қорғауына енген «Қорғалжын» мемлекеттік табиғи қорығына саяхат жасап, Нур-Султан өңірінің табиғи құндылығын зерделеді.

Тарихы терең  өлкемен танысуды  оқушылар Ерементау тарихи-өлкетану мұражайы мен «Бөгенбай» мұражайында, «АЛЖИР» мемориалды-музей кешенінде жалғастырды. Мұражайлардан үлкен әсер алған балалар сан қилы тарихи кезеңдерді өткізген, қойнауы құпияға толы өңір туралы білімдерін тереңдете түсті.

Экспедиция барысында мол ақпарат жинақтаған  оқушылар Нур-Султанда және Республикамызда туризмді дамыту мәселері туралы өз ойларын ортаға салды. TED-x форматында өткен басқосуда өте қызықты ұсыныстар мен құнды пікірлер айтылды. «Туған елге тағзым» экспедициясының үшінші күні  балалар Нур-Султан қаласындағы ҚР Тұңғыш Президенті – Елбасының кітапханасына саяхат жасады. Оқушылар Елбасы кітапханасында ұлттық мәдени-тарихи мұраға айналған заманауи электронды-архив инфрақұрылымы және бірегей ақпараттық ресурстармен танысты. Президенттің жеке кітапханасы әр жылдары Н. Ә. Назарбаевқа сыйға берілген және Елбасының 1960 жылдан бастап жинақтаған жеке кітапханасы қорындағы кітаптар мен басылымдарды көрді.  Сондай-ақ «ЭКСПО-2017» көрмесінің архитектуралық символына айналған әлемдегі ең үлкен сфера «Нұр әлемді», «Бәйтеректі» тамашалады.

Экспедиция  мүшелері Нур-Султан қаласының көпсалалы индустриалды кешендері – маңызды өнеркәсіп орындарында болу арқылы Елорданың  экономикалық дамуын зерттеді. Оқушылар «ҚазМұнайгаз» ұлттық компаниясында, «Агрофирма Родина» ЖШС, Назарбаев Университеті жанындағы Технопаркке экскурсия жасады.

Экспедиция бағдарламасында оқушылардың бойында іс-әрекеттің түрлі тәсілдерін қалыптастыратындай оқу- зерттеу, мәдени-ойын-сауық, спорттық-сауықтыру шаралары қамтылған. Жолдан  шаршаған балаларға жаңа қуат беру үшін  Нур-Султан қаласы Зияткерлік мектебінің дене шынықтыру пәні мұғалімдері скаладромда шыңға өрмелеп шығу бойынша шеберлік сағатын ұйымдастырды.

Әрбір экспедицияны жаңа оқу жылында жүргізілетін зерттеу жұмыстарының бастамасы десе болады. Өлкетану-зерттеу экспедициясының материалдары бойынша оқу жылы барысында оқушылар ғылыми жобалар, эссе, шығармалар жазып, туған өлке бойынша жолнұсқаулар құрастыратын болады.

Экспедиция қорытындысы шығарылған соңғы басқосуда қатысушылар қойнауы сырлы тарихқа толы  өлкеге жасалған бұл экспедицияның бергені көп болғаны, таным, көкжиегін кеңейтіп, ұмтылмастай әсер қалдырғаны жайлы атап өтті.

Дат Айғаным, Қарағанды қаласы:

Осындай жобаның болғанына, экспедиция құрамында болғаныма қатты қуанамын. Себебі Елордамыз Нур-Султан қаласының  және Ақмола облысындағы көптеген тарихи жерлерді көруге  мүмкіндік алдым.

Досжанов Алмаз, қаласы:

Біз танысуға барған «Родина» ауылы маған өзінің даму деңгейімен ұнады. «Ауыл» дегенде сиыр, қой, жылқыларды елестетсек, бұл ауыл тым бөлек. Бір сүт фирмасының арқасында бұл ауылдың өзінің мәдениет үйі, жеке саябақ, мешіт, мектеп, балабақша, қонақ үйі бар екен. Өзімнің күзгі демаласымды «Туған елге тағзым» экспедициясы арқылы мазмұнды өткізгеніме қуаныштымын.