5 қарашада NIS жүйесінде дәстүрлі «Туған елге тағзым» өлкетану-зерттеу экспедициясы өз мәресіне жетті.
Бес күндік сапар Нұр-Сұлтан қаласы физика-математика бағытындағы Зияткерлік мектебі оқушыларына шалқар шабыт пен жаңа идеялар сыйлады. Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 30 жылдығына арналған өлкетану-зерттеу экспедициясына 9 және 12-сыныпта оқитын 40 оқушы қатысты. Экспедиция бағдарына сай 31 қазан-5 қараша аралығында жас өлкетанушылар бас қаланың ерекше сәулетін тамашалап, астана аймағындағы тарихи, мәдени нысандарды, атақты архитектуралық ғимараттарды зерттеді. Туристік жорық барысында елордадағы физика-математика бағытындағы NIS оқушылары қазақ руханияты мен мәдениетінде айрықша орны бар Күлтегін ескерткішінің көшірмесімен танысты.
Қ.А.Ақышев атындағы археология институты қызметкерлерімен кездесіп, орта ғасырлық Бозоқ қалашығында жүргізілген қазба жұмыстары жайлы білді. Туған өлке тарихын зерттеуді оқушылар Елбасы идеясымен құрылған еліміздегі ең алып мұражай – Ұлттық мұражайда жалғастырды.
Екінші күні оқушылар аймақ тарихымен танысуды «АЛЖИР» мемориалды-музей кешенінде бастады. Өлкетану экспедициясына қатысушы оқушылар Қазақстан Республикасының Бірінші Президентінің мұражайында қазіргі заман тарихын зерделеді.
Кешегі Ақмола, бүгінгі Нұр-Сұлтан тарихы дауылпаз ақын, көрнекті қоғам қайраткері Сәкен Сейфуллиннің өмірі мен шығармашылығымен тығыз байланыста болғандықтан оқушылар зерттеу жұмысын С.Сейфуллин мұражайында жалғастырды. Елордадағы ең көне ғимарат – көпес үйін көріп, қайраткердің жеке бұйымдары – мұражай жәдігерлерімен танысты.
Тарихы терең өлкемен танысуды оқушылар Қызылжардағы «Қабанбай батыр» мавзолейінде жалғастырды.
«Туған елге тағзым» экспедициясының үшінші күні балалар ҚР Тұңғыш Президенті – Елбасының кітапханасына саяхат жасады. Оқушылар Елбасы кітапханасында заманауи электронды-архив инфрақұрылымымен, бірегей ақпараттық ресурстармен танысты. Сондай-ақ, экспедицияға қатысушылар «ЭКСПО-2017» көрмесінің архитектуралық символына айналған әлемдегі ең үлкен сфера «Нұр әлемді» тамашалап, Назарбаев Университеті жанындағы Технопаркке және «Қазақстан Ғарыш Сапары» Ұлттық компаниясына экскурсия жасады.
Экспедиция барысында мол ақпарат жинақтаған оқушылар Елордада және Республикамызда туризмді дамыту мәселері туралы өз ойларын ортаға салды. TED-x форматында өткен басқосуда өте қызықты ұсыныстар мен құнды пікірлер айтылды.
Экспедиция бағдарламасының төртінші күнін жас өлкетанушылар еліміздің бас қаласының көпсалалы индустриалды кешендері – маңызды өнеркәсіп орындарына арнады. Оқушылар «Цесна-Астық» концерніне, «Агрофирма Родина» ЖШС, «Астана Полимер» жауапкершілігі шектеулі серіктестікте болды. Сонымен қатар жас зерттеушілер қаланың таза ауамен тыныстауына мүмкіндік беретін «Жасыл белдеу» шеңберінде болып, жасанды орман алқабында өскен төзімді ағаштар мен бұталардың түрімен танысты.
Өлкетану-зерттеу экспедициясы барысындағы жұмыс 5 қарашада өткен Дөңгелек үстелде қорытындыланды. Экспедицияның жабылу салтанатына құрметті қонақтар: “Қазақстан Ғарыш Сапары” ұлттық компаниясы жанындағы “Ghalam” конструкторлық-технологиялық бюросының ғылыми жетекшісі, физика-математика ғылымдарының докторы, профессор Қазбек Сүлейменұлы Бақтыбеков және ҚР БҒМ Мемлекет тарихы институтының бөлім меңгерушісі, педагогика ғылымдарының кандидаты Жабай Нұрмақұлұлы Қалиев қатысты.
«Туған елге тағзым» өлкетану-зерттеу экспедициясына қатысушылар 2021-2022 оқу жылы барысында ғылыми жобалар, эссе, шығармалар жазып, туған өлке бойынша жолнұсқаулар құрастырады, теледидар, баспасөз құралдары мен радиоға арналған арнайы репортаждар дайындайтын болады.