27 қыркүйекте «Туған елге тағзым-2021» өлкетану-зерттеу экспедициясына қатысушылардың ғылыми жобалары мен шығармашылық жұмыстарының желілік байқауы басталды.
Биыл туған өлкенің тарихи-мәдени мұрасы туралы білімді тереңдетуге және кеңейтуге бағытталған патриоттық жоба Қазақстан Тәуелсіздігінің 30 жылдығына арналып отыр.
Байқаудың шешуші кезеңіне Нұр-Сұлтан қаласы физика-математика бағытындағы Зияткерлік мектептің 33 оқушысы қатысып, 26 зерттеу жобасы мен шығармашылық жұмыс ұсынды.
Қорғау кезінде байқауға қатысушылар өздері ашқан жаңалықтармен бөлісіп қана қоймайды, сонымен қатар аймақтың даму проблемаларын көтереді, оларды шешу жолдарын ұсынады және ойларын жүзеге асыруда өз үлесін айқындайды.
Байқауға қатысушылардың бүгін қорғаған тақырыптары әртүрлі болды. Зияткерлік мектеп оқушылары Қорғалжын қорығындағы биоәртүрлілікті сақтау мәселелеріне назар аударып, мүмкіндігі шектеулі жандарға арналған Úmit мобильді қосымшасымен таныстырды, экологиялық мәселелерді шешу жолдарын ұсынды.
Жобаларды беделді қазылар алқасы 27-30 қыркүйек аралығында бағалап, байқаудың қорытындысы 2021 жылдың 30 қыркүйегінде шығарылады деп күтілуде.
Қазылар алқасының құрамына Елбасы кітапханасы, «Рухани жаңғыру» қазақстандық қоғамдық даму институты, «Атамекен» Ұлттық Кәсіпкерлер палатасы, Astana Hub Халықаралық IT-стартаптар технопаркі, республикалық Ұлттық музей, «Ұлы Дала скауттары» қоғамдық бірлестігі, «BilimInvest» Ұлттық білім беру инвесторлары қауымдастығы, «Kazakh Tourism» ұлттық компаниясы және бірнеше ғылыми институттардың өкілдері, сондай-ақ ЮНЕСКО сарапшылары кіреді.
Байқау жеңімпаздарын марапаттау салтанаты 2021 жылы 7 қазанда Teams платформасында өтеді.