«TWO STARS» МУЗЫКАЛЫҚ БАЙҚАУЫ ӨТТІ

Нұр-Сұлтан қаласы физика-математика бағытындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінде «TWO STARS» байқауы биыл 9-шы рет өзінің айнымас тыңдармандарын жинады. Сахнада өнерлі екі жұлдыз – мұғалім мен оқушы дуэті ағылшын тілінде ән салып, өздерінің орындаушылық шеберлігін сынға салды.

Мектепте жыл сайын өтетін дәстүрлі іс-шараның негізгі мақсаты – әсем әнді нақышына келтіре орындау арқылы ересектер мен балалардың ағылшын тілін үйренуге қызығушылығын арттыру, өнерге деген құштарлығын ояту. Бұл мақсатты орындауда ән мүмкіндігі шексіз екені сөзсіз.

Байқауға қатысуға ниет еткендер саны жыл өткен сайын артып отыр. Биыл 11 жұп байқау шарты бойынша 70-ші жылғы хит әндер қатарынан бір музыкалық композиция орындады.  Сонымен қатар таңдаған әнге орай өздерінің сахналық образын  сомдаған қатысушылар театрландырылған қойылымдар мен жалындаған би арқылы орындаған әндерін әрлендіре түсті. Қазылар алқасы байқауға қатысушылардың шығармашылық ізденісін, орындау шеберлігін атап өтті. Қатысушылардың байқауға үлкен дайындықпен, жауапкершілікпен келгендеріне ризашылық танытқан көрермендер әрбір жұпқа қызу қолдау көрсетіп отырды.

«Екі жұлдыз» вокалдық ретро-ән байқауының ұйымдастырушы, ағылшын тілі мұғалімдері әдістемелік бірлестігінің жетекшісі  Маканова Айсұлу Тюлюбаевна  мен 12-сынып оқушысы Акчурин Альнұр ән кешінің жүргізушілері болды.

 «TWO STARS»байқауының қорытындысы:

Гран-при
МАНҒЫТАЙ АЙДАНА,
ағылшын тілі мұғалімі мен  БАЛЫМ ЖАМХАН, 8 С сынып оқушысы – “АББА” тобының репертуарынан ән,

1 орын
ЕРЖАНОВА АЙЖАН, информатика пәнінің мұғалімі мен  АЯЖАН ТАИМБЕТОВА, 10 Е сыныбының оқушысы – “I WILL SURVIVE” әні,
2 орын
АБУШАХМАНОВ АЛМАЗ, куратор және ПАК СОФЬЯ, 11 Д сынып оқушысы,  “HALLELUJAH” әні

3 орын
КАПАРОВ МЕИРХАН,
Өнер пәнінің мұғалімі мен  ТЕМІРЛАН САРБУЛИН, 12 А сынып оқушысы – «KUNG FU FIGHTING» әні

 

Көрермендер көзайымы атанып, арнайы сыйлыққа ие болған“Imagine” әнін орындаған  дуэт: Хабиева Айдана, орыс тілі мұғалімі мен 10 F сынып оқушысы Аида Керибаева, Сондай-ақ “We Are The Champions” әнін орындаған дуэт 10 С сыныбының оқушысы Данияла Молдыбаева мен орыс тілі пәнінің мұғалімі  Работина Елена биыл жүргізушілер атынан тағайындалған арнайы сыйлыққа ие болды.

Жеңімпаздар мен жүлдегерлерге естелік сыйлықтар табыс етілді.

 Әсем әнге толы ағылшын тілінің мерекесін сыйлаған өнер байқауына қатысқан барлық мұғалімдер мен оқушыларға мектептің айтар алғысы шексіз.

Жыл сайын ән байқауына қатысушыларға қолдау көрсетіп, демеу беріп отыратын көрермендерге де рахмет айтамыз!