Нұр-Сұлтан қаласы физика-математика бағытындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің «Ұмай» командасы ASTANA INNOVATIONS CHALLENGE STARTUP WEEKEND стартап байқауында 2 орын иеленіп, 300 мың теңге жүлдені жеңіп алды.
Astana Innovations және Нұр-Сұлтан қаласы әкімдігінің ұйымдастыруымен өткен байқау 2021 жылдың 26-28 қараша аралығында онлайн форматта өтті.
Құрамында 10-сынып оқушылары Нұртөре Арынұрұлы, Нұрсұлтан Мейрамбеков, Индира Қайратқызы, Уәлихан Рахымжанов бар «Ұмай» командасы байқауға жылжымалы модульді гидропоникалық ферма жобасын ұсынды.
Жоба авторларының айтуынша, гидропоникалық фермалар заманауи ауыл шаруашылығының болашағы болып табылады. Өсімдіктерді топырақты пайдаланбай, жасанды түрде жасалған ортада өсіру әдісі кез келген климаттық жағдайда дақылдарды жыл бойы өсіруге мүмкіндік береді.
Гидропоникалық фермада дақылдар барлық қажетті химиялық заттар мен элементтерді арнайы қоректік ерітіндіден алады. Жас зияткерлер жылжымалы модульдік гидропоникалық фермалар топырақтың құнарсыздануы мен ластануы салдарынан туындайтын өзекті мәселелерді шеше алатынына сенімді.
Нұртөре Арынұрұлы: Startup Weekend – жұманың кешінен жексенбінің таңына дейін созылатын 54 сағаттық бағдарлама, ол барлық саладағы мамандарды, дизайнерлер мен құрастырушыларды, кәсіпкерлер мен сарапшыларды біріктіреді. Біз климаттың өзгеруі тақырыбында өткен Startup Weekend-тің ең жас қатысушылары болдық. Байқауға қатысушылар қалдықтарды кәдеге жарату, баламалы энергетика бойынша өз жобаларын ұсынды, «жасыл кеңселер» және «таза» технологиялар боынша идеяларын ортаға салды.
Шара барысында бізге бизнесті дамыту, бизнес модельдер құру бойынша тәлімгерлер көмектесті. Байқаудың қазылар алқасы біз ұсынған жобаның өзектілігін, экологиялық тазалық дәрежесін және іске қосылған сынақ үлгісінің болуын атап өтті. Сондай-ақ оларды шаруашылықты дербес басқаруды қамтамасыз ететін «Ұмай» автоматтандырылған басқару жүйесі қызықтырды.
Байқау бізге климаттың өзгеруіне қатысты Climate Change технологиялары туралы білуге, күнделікті өмірімізді жақсартуға және болашағымызды жарқын етуге септігін тигізетін технологиялық шешімдерді қабылдауға мүмкіндік берді.