Нұр-Сұлтан қаласы физика-математика бағытындағы Зияткерлік мектептің оқушылары Алдияр Пазилов, Дәулет Мұханов, Әмина Рахымбергенова дүниежүзілік робототехника олимпиадасында ұлттық құраманың жүлде қорын қола медальмен толықтырды. Жас робототехниктер беделді олимпиадада өз жобаларын ересек шығармашылық санатта үздік қорғап, жүлделі 3 орынды жеңіп алды.
Бүкіләлемдік роботтар олимпиадасының онлайн-стартына 65 елден 200-ден астам команда шықты. Барлық шығармашылық жобалар қазіргі заманның жаһандық мәселелерінің бірі – PowerBots – энергетиканың ертеңіне, атап айтқанда жаңартылатын энергия көздеріне арналды.
Зияткерлік мектептер атынан қатысқан жас робототехниктер берілген тақырып бойынша NG-PHOTOBIO жасанды интеллект қағидаттарын пайдаланатын робот құрастырды. Робот жер бетіндегі ең жылдам өсетін өсімдік – балдырлардан биоотын алу үшін қолданылады. Зияткерлер үшінші буын биоотындары деп аталып кеткен жанармайды робот көмегімен алудың жаңа жолын ұсынды.
World Robot Olympiad (WRO) – Дүниежүзілік робот олимпиадасы – 10-19 жас аралығындағы 6-11 сынып оқушылары арасында ұйымдастырылатын жарыс. Жас робототехниктердің фестивалі биыл он жетінші рет өтіп отыр.