Ықылас пен қамқорлыққа толы қуаныш

Жақында Астана қаласы физика-математика бағытындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің 10 Е және 12 В сыныбының оқушылары өздері қамқорлыққа алған ерекше күтімді қажет ететін балаларға арналған «Асыл Бөбек» балабақшасында болып қайтты. Жас интеллектуалдардың бүлдіршіндермен дос болып, оларды өз қамқорлықтарына алғанына сегіз жылдай уақыт болды.
Бұл жолы да оқушылар балабақшаға сыйлықтармен келді: кітаптар мен ойыншықтарды бүкіл Шаңырақ болып жинады. Көмекті қажет ететін жандарға көңіл бөлу, ықылас білдіру, қамқорлық жасау – осындай кездесулерді естен кетпес етеді.
Жоғары сынып оқушылары кішкентай достарымен түрлі ойындар ойнап, «Бауырсақ» ертегісін жаңаша сахналады, қағаздан кеме, түрлі-түсті көбелектер жасады. Бүлдіршіндер оқушылардың қағаз бүктеуін мұқият қадағалап, оригами жасаудың негізгі тәсілдерін қызыға меңгерді.
Балақайлар жоғары сынып оқушыларының мейірімді сиқыршыдай қайта оралатынына сенеді, оларды асыға күтеді.