ҒЫЛЫМНЫҢ ДАҢҒЫЛ ЖОЛЫ АЛҒАШҚЫ ҚАДАМНАН БАСТАЛАДЫ

ҒЫЛЫМНЫҢ ДАҢҒЫЛ ЖОЛЫ АЛҒАШҚЫ ҚАДАМНАН БАСТАЛАДЫ

             17 қазанда ғылыми жобалардың республикалық байқауының желілік кезеңінің  ашылу салтанаты өтіп, байқаудың бес күндік бағдарламасының басталғаны туралы жария етті. Ғылымға деген алғашқы қадам NIS-тің 800 оқушысы үшін желілік байқаудан басталды. Онлайн байқаудың негізгі мақсаты – Зияткерлік мектеп оқушыларының жобалық, өнертапқыштық және шығармашылық іс-әрекетке деген қызығушылығын арттыру, сондай-ақ білім мен ғылыми жетістіктерді насихаттау. Байқау екі кезеңнен тұрады: 17-22 қазан аралығында – онлайн форматта өтсе, күзгі демалыс кезінде Алматы мен Астана қалаларында дәстүрлі түрде ұйымдастырылады. Конкурстың ашылу салтанатында «Назарбаев Зияткерлік мектептері» ДББҰ Басқарма төрайымы Күләш Шәмшидинова қатысушыларға арнап құттықтау сөз сөйледі. Күләш Ноғатайқызы өз сөзінде байқауға қатысушыларды ешқашан берілмеуге, зейінді болуға және өз мүмкіндіктерін жүзеге асыруға бар күш-жігерін салуға шақырды. Байқаудың ашылу салтанатын  10-сынып оқушысы Әбдіраманов Нұрасыл мен 9-сынып оқушысы Айша Асанова жүргізді. Беделді қазылар алқасының алдында күрделі міндет тұр. Байқаудың алғашқы цифрлары да әсерлі: 550-ден астам ғылыми жоба, 16 секция, 4 бағыт, сондай-ақ екі шығармашылық номинация. Елордалық Зияткерлік мектеп байқаудың желілік кезеңіне 32 жоба ұсынған болатын. Байқау барысында жас зерттеушілер өз идеясын дәлелдей білу, ізденіс тәжірибелерімен бөлісу қабілеттерін көрсетеді. Байқаудың бірінші онлайн кезеңі 2022 жылдың 22 қазанында аяқталады. Дәл сол кезде республикалық байқаудың шешуші кезеңіне қатысу құқығына ие болған жеңімпаздардың есімдері белгілі болады.