Нұр-Сұлтан қаласы физика-математика бағытындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің 11-сынып оқушысы Жасмин Жантасованың «Туған елге тағзым» желілік байқауына ұсынған әлеуметтік жобасы елімізге танымал қордың қызу қолдауына ие болды.
“Act of Kindness” жобасы аясында Жасмин қолданыстан шыққан киімдерді қайта тұтыну жолдарын насихаттауға бағытталған веб-сайт және арнайы контейнер үлгісін ұсынды.
«Менің жобамның мақсаты: мұқтаж жандарға көмек көрсету мақсатында сауда-ойын-сауық орталықтары мен тұрғын үй кешендерінде киім-кешек жинауға арналған арнайы контейнерлерді орнату, қабылдау пункттерін ашу болып табылады. Контейнерлердегі QR-кодты сканерлеу арқылы әр адам берген затының қайда жіберілгенін, кімге қайырымдылық қол ұшын созғанын бақылай алады. Сондай-ақ сайттағы сұрақтарға жауап беру арқылы қайырымдылық жобасына қатысушы болып, халықтың әлеуметтік қорғалмаған топтарына жүйелі қолдау көрсетуге мүмкіндігі бар. Менің ойымша, осы бағыттағы қайырымдылық шараларын тиімді және сауатты ұйымдастыра білгенде ғана әлдебіреуге қажет болмай қалған заттар әлеуметтік және экологиялық мәселелерді шешудің құнды ресурсына айнала алады», – дейді Жасмин.
Жасминнің жобасына мұқтаж жандарға көмек пен білімді жастарға қолдау көрсету мақсатында құрылған «Dauletten қайырымдылық қоры» қызығушылық танытты. Блогер, қоғам белсендісі, экономист Дәулет Төлеутайұлының бастамасымен 2020 жылы құрылған қор қызметкерлері Зияткерлік мектепке келіп, Жасминнің идеяларымен жіті танысты. Кездесу барысында DAULETTEN_QORY атынан Жантасова Жасминге 50 000 теңгелік сертификат табыс етілді. Сонымен қатар DAULETTEN танымал қайырымдылық қоры жобаны жүзеге асыруға барынша атсалысатынын жеткізді.
DAULETTEN Қайырымдылық қорының директоры Орынбеков Нұрсұлтан Орыналыұлы өзінің Instagram-парақшасында:
«Бүгін елордамыздағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің басшылығы және оқушыларымен кездесуге бардым. Кездесу барысында, аталған мектептің оқушысы Жантасова Жасминге DAULETTEN_QORY атынан сертификат табыстадым. Бұл марапат оқушыға жас та болса қоғамдағы өзекті мәселені қозғап қана қоймай, оның шешу жолын ұсынғаны үшін берілді. Біздің @qaiyrymdyqala_ns жобасымен бағыты бір бұл идеяны алдағы уақытта қала деңгейінде жүзеге асыру үшін өз тарапымыздан толықтай қаржыландыратын боламыз. Азаматтық ұстанымы қалыптасқан және қоғамға пайда тигізер Жасмин секілді оқушыны тәрбиелеп отырған ата-анасымен мектебіне алғыс білдіремін» – деген жазба қалдырды.