Қызықты кездесу

Жақында Астана қаласы физика-математика бағытындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің жатақханасында тұратын оқушылар «Қазақстанның 100 жаңа есімі» байқауының өткен жылғы үздігі атанған Айдие Айдарбековпен кездесті.

Кездесу оқушыларды өзін-өзі тэрбиелеуге және өзін-өзі жетілдіруге ынталандыру, болмаса да ұқсап бағуға талпындыруға бағытталған «Жаныңда жүр жақсы адам» жобасы аясында өтті. Жұмысбастылығына қарамай, жатақхана тәрбиешілерінің шақыруын бірден қабыл алған Айдиені Зияткерлік мектеп оқушылары қуанышпен қарсы алды. Айдиенің өзі туралы дайындаған таныстырылымынан оқушылар Ақмола облысының Жақсы елді мекенінен шыққан қарапайым ауыл баласының  өмір жолымен танысты. Орта мектепте жақсы оқыған ол музыка мектебін де үздік бітірген екен. Мектепте жүргенде өзін-өзі қолға алып, көп оқыпты, ағылшын тілін өз бетінше меңгеруге талпыныпты. Сондай-ақ бала күнін еске алған Айдие өзінің кино әлемін, соның ішінде «Қыз Жібек» фильмін ерекше жақсы көретінін, сол себепті оны үйлегілер Төлеген деп атайтынын еске алды. Мектепті жақсы бітірген Айдие ата-анасының қалауымен программист болу үшін Астанадағы Сәкен Сейфуллин атындағы Қазақ агоротехникалық университетіне оқуға түседі. Университет бітірген соң магистратурада білімін жалғастырады. Бірақ, бала кездегі асыл арманы оны кино саласына алып келеді. Жас маман  Нью – Йорк  Киноөнер Академиясына магистратураға түседі. Программист, музыкант және спортшы Айдие шығармашылық қабілетін көптеген салада сынап көреді: өлең, әңгіме жазады, кітап та шығарады. Кино маманы ретінде ол бірнеше қысқаметражды фильмдердің  продюсері, сериалдардың сценарисі болды, «Флаги над Берлином» атты қазақ-британ кинолентасын жасауға қатысты.

Кездесу барысында осындай көргені көп жас жігітпен сұқбаттасқан балалар мамандық таңдау бойынша көптеген пайдалы кеңестер алды. Бастысы, егер адам өз мінін қолға алып, өзін-өзі жетілдіруге ұмтылса, өмірде көптеген жетістіктерге жетуге болатынына көз жеткізді.

Құрметті қонаққа оқушылар «Шебер қолдар» үйірмесінде жасалған  «Асқар тау» деп атаған  ботаны сыйлыққа табыс етті. Әлем көретіндей сапалы қазақ киносын түсіруді армандайтын Айдиеге жас достары  мақсатына жетуіне тілектестік білдірді.

Танымды кездесу балалардың болашақ жоспарларына елеулі өзгерістер енгізіп, өз болашағын айқындауға ықпал етері сөзсіз.