Өз қабілетін шыңдағысы келетін талапты балаларды үйірмелер мен секциялар күтеді

4 қыркүйек күні  мектеп ауласында 2019-2020 оқу жылында жұмыс істейтін үйірмелер мен клубтар, секциялар мен студиялардың  таныстырылым-жәрмеңкесі өтті.  Үйірмелерді насихаттайтын жарнама – жәрмеңкеде қосымша білім беру бағдарламаларының аясында ұйымдастырылатын үйірмелер мен клубтар жұмысы жайлы жан-жақты ақпарат беріліп, оқушылардың  өз таңдауын жасауына мүмкіндік берді.  Қосымша білім беру педагогтары  жарнамалық науқанға қызу кіріскен: үйірме жетекшілері  шағын көрмелер мен фотосуреттер, дипломдар мен кубоктар, жаттығулар кезінде қолданатын спорттық құралдарды көрсете отырып, үйірме жұмысының ерекшелігі туралы айтып берді.

Нұр-Сұлтан қаласы физика-математика бағытындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінде 2019-2020 оқу жылында 25-тен аса үйірме, секциялар мен клубтар жұмыс істейді. Қосымша білім беру саласының білікті  мамандары балаларды  сурет салуға, билеуге, ән салуға, музыкалық аспаптарда ойнауға, киім тігуге, саз балшықтан мүсін жасауға баулиды. Спортпен әуестенетін оқушыларды мектеп спорт залдары шақырады. Жас спортшыларға  волейбол, баскетбол, теннис, гимнастика, футбол  сециялары ұсынылады.