14 мамырда Нұр-Сұлтан қаласы физика-математика бағытындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінде Экономика пәнінің мұғалімі Дэвид Аннанның «A simple guide to research writing» атты кітабының тұсаукесері өтті. Тұсаукесерге мектеп мұғалімдері мен көршілес IB Зияткерлік мектебінің оқытушылары қатысты.
Дэвид Аннан – экономикалық өсу қарқынын, әлемдік кеңістікте әлеуметтік-экономикалық даму ықпалын талдап жүрген зерттеуші. Дэвидтің Қазақстанға келіп, астаналық мектепте Экономикадан сабақ беріп жүргеніне екінші жыл. Ол философия докторы (PhD), даму үдерісін талдау, мониторинг жүргізу және бағалау, дәйекті зерттеу жүргізу бойынша мол тәжірибесі бар ұстаз.
Дэвид Аннанның «Зерттеу жүргізу және жазу бойынша қарапайым нұсқаулық» кітабы оқырмандарды зерттеу жүргізу теориясы мен практикасы негіздерімен таныстырады. Оқу құралы «Жаһандық перспективалар мен жобалау жұмыстары» пәні жүргізілетін мектептерге арналған.
Сондай-ақ кітап жоғары сынып оқушылары мен жоғары оқу орындарына түсетін мектеп түлектеріне пайдалы құрал болары сөзсіз.
Кітап авторы бұл оқу құралын жазуға өзін «Жаһандық перспективалар мен жобалау жұмыстары» сабағында шәкірттерінің шабыттандырғанын айтады.
– Көбіне студенттер зерттеу үдерісін ұйымдастыруда: зерттеуді жоспарлауда, оны жүргізуде, зерттеу нәтижелерін қорытындылап жазуда қиналады. Сондықтан жас зерттеушілер үшін кітапта негізгі әдістемелік қадамдар көрсетілген майндмэптар (mind-map) – графикалық кескіндер мен кестелер, диаграммалар көптеп берілген» – дейді нұсқаулық авторы Дэвид Аннан.