ЗЕРТТЕУ ЖОБАЛАРЫНЫҢ АЙМАҚТЫҚ КОНФЕРЕНЦИЯСЫ ӨТТІ

14 сәуірде елордадағы физика-математика бағытындағы Зияткерлік мектебінде «Science Fair at NIS PhMD Astana» конференциясы өтті.

«Science Fair at NIS PhMD Astana» —  НЗМ және қаланың орта мектептері оқушыларының 1-ші аймақтық ғылыми-зерттеу жұмыстарының байқауы болып табылады.

Директордың ғылыми-әдістемелік жұмыс жөніндегі орынбасары Райгүл Қайыркенованың айтуынша, «Science Fair» оқушылардың ғылымға деген қызығушылығын арттырып, еліміздің ғылым мен мәдениетін дамытатын практикалық маңызы бар мәселелерді шешуге баулиды.

Конференцияға қатысушылар үшін бай бағдарлама дайындалды – мектеп оқушылары өз жобаларын таныстырды, ғалымдардың дәрістерін тыңдады, Arduino ортасында бағдарламалау және зымыран жасау бойынша шеберлік-класына қатысты.

Конференция 10 секция бойынша өтіп, онда 150-ден астам мектеп оқушылары гуманитарлық, әлеуметтік-экономикалық және жаратылыстану ғылымдары бойынша ғылыми зерттеулерінің нәтижелерін ұсынды.

 Әр секция жұмысының нәтижесінде мектеп оқушыларының ең қызықты жобалары анықталып, олар дипломдармен  марапатталды, қатысушыларға сертификаттар табыс етілді.

Зерттеушілердің жұмыстарын білікті қазылар алқасы бағалады. Сарапшылар құрамына: Мемлекет тарихы институты директорының орынбасары Ж.Қалиев, НУ профессоры А.Смақова, Астана халықаралық университетінің доценті Д.Нұрахметов, техника ғылымының кандидаттары, «Қазғарыш» орталығының мамандары  Қ.Саханов пен Ә.Сыздықов, биология ғылымдарының кандидаты, МУА доценті Ж.Адамжанова және т.б. бар.

Сарапшылар ұсынылған жұмыстардың жоғары деңгейін, жобалардың тәжірибеге бағытталғандығын, мектеп оқушыларының ғылыми ізденістерге деген көзқарасы мен ынтасын атап өтті.