1 қазан күні Нұр-Сұлтан қаласы физика-математика бағытындағы Назарбаев Зияткерлік мектебі қызықты іс-шараларға толы Халықаралық Қарттар күнін атап өтті. Мектеп кітапханасында ата-әжелердің қатысуымен «Book. Tea. Talk» оқырмандар клубында кездесу өтті. «Әжелер шеберханасында» 7-8-сыныпта оқитын қыздар құрақ көрпеше тігіп үйренді. Қыздар құрақ құрау барысында ұлттық өнерге баулыған ұлағатты әжелердің қызықты әңгімелерін тыңдады.
Еңбегін еліне арнап, еліміздің қалыптасуына зор үлес қосқан аға буын өкілдерін Зияткерлік мектеп ұжымы ыстық ықыласпен қарсы алып, сый-құрмет көрсетті. «Біздің басты мақсатымыз қарттарға көңіл бөлу, қамқорлық таныту, кішіге ізет, үлкенге құрмет көрсетуге үйрету», – дейді мектеп директорының орынбасары Эльмира Иманбекова.
Мейірімді мереке күні Зияткерлік мектептің дарынды оқушылары Малотимофеевка кентінде орналасқан қарттар мен мүгедектер үйіне концерттік бағдарламамен барып қайтты. Өнерлі өрендерді қуанышпен қарсы алған қарттар балалардың қамқорлығы мен сыйлықтары үшін алғыстарын жаудырды.