Жалпы білім беретін пәндер бойынша олимпиада өтті

Желтоқсанның 6 күні физика-математика бағытындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінде жалпы білім беретін пәндер бойынша мектепішілік олимпиаданың бірінші туры өтті.

Олимпиада үш кезеңнен тұрады: желтоқсанда мектепішілік іріктеу кезеңі өтсе, 2019 жылдың 3-7 қаңтарында  Назарбаев Зияткерлік мектептері арасында желілік олимпиада, наурыз айында олимпиаданың шешуші -республикалық кезеңі өтеді.

8-12-сынып оқушылары арасында өтетін  мектепішілік кезеңге әдетте ең көп оқушы қатысады. Биыл да, 6-7 желтоқсанда, 455 оқушы  Зияткерлік мектептің оқу бағдарламасына сай 13 пән бойынша білім байқауында бақ сынасты. Жаратылыстану-математика бағытындағы пәндер бойынша олимпиадаға 248, қоғамдық-гуманитарлық бағыт бойынша 205 оқушы қатысты.

Олимпиаданың екі кезеңінің күрделі де қызық тапсырмалары  қатысушылардан терең білім мен ұтқыр ойды талап етеді. Олимпиаданың 1 турында жеңіске деген құлшыныс, табандылық пен еңбекқорлық біраз балаға оңай алға шығуға мүмкіндік берді. Олимпиада қорытындысы бойынша жеңімпаз танылған оқушылар I, II, III дәрежелі дипломдармен марапатталып, 1 орын алған оқушылар желілік олимпиадаға жолдау алады. Әрине олимпиадада жеңімпаздар бар, бірақ жеңілгендер жоқ. Өйткені, әрбір білім сайысы оқушылардың білім деңгейінің көтерілуіне елеулі әсер етіп, болашақтағы жоспарларын орындауға тың серпін береді.