ЖАН ЖЫЛУЫ МЕН ЖҮРЕГІН ҰСЫНАДЫ

Жақында «Оқжетпес» Шаңырағының оқушылары куратор Зита Раджабовна Ещановамен бірге панасыз жануарларға арналған «Досыңды құтқар» орталығына барды. Қазіргі уақытта бұл баспанада 100-ден астам ит бар.

Aстана қаласындағы физика-математика бағытындағы Зияткерлік мектебінің оқушылары 2019 жылдан бері «Досыңды құтқар» баспанасымен ынтымақтастықта панасыз жануарларға белсенді түрде көмектесуге тырысады.

Бұл жолы да оқушылар төрт аяқты достарына арнап алдын ала сый дайындады: тәттілер, ит пен мысыққа жем, көрпе, жастық, тамақ ыдыстары, жануарларға арналған ойыншықтар (доптар, ысқырық дыбыс шығаратын ойыншықтар) сатып алды.

9-сынып оқушысы  Айлана Ешжанова сапардан алған әсерімен бөлісті: «Мегаполисімізде үйсіз жануарлар мәселесі қазір өте өзекті. Баспасөз бетінен кетпейді, бұқаралық ақпарат құралдарында үнемі талқыланып жатыр.

Бұл мәселенің маңыздылығын көп адам түсінеді. Алайда, көбіне қала тұрғындары жауапсыздық танытып,  өздері асырап алған жануарлардан бас тартады.

Міне, біз бүгін жанашыр адамдар ашқан орталықтардың біріне  келдік. Мұндағы иттер серуендеуге арналған аумақ үлкен. Ішінде ондаған ашық аспан астындағы торлар мен бөлек кабиналар орналасқан. Ал үздіксіз үрген иттердің даусы құлақ тұндырады, бірақ олардың дауысында агрессия сезілмейді! Иттер өте мейірімді, еркелеткенді ұнатады, жан жылуы мен жүрегін ұсынады. Ең бастысы олар үнемі иелерінің қайтып келуін күтеді».