ЖАС БИОЛОГТАР БИОТЕХНОЛОГИЯЛАР ҰЛТТЫҚ ОРТАЛЫҒЫНДА
Биология пәніне қызығушылық танытатын, оны терең меңгеруге ұмтылып, түрлі білім сайыстарына қатысып жүрген елордалық физика-математика бағытындағы Зияткерлік мектебінің бір топ оқушысы жақында Ұлттық Биотехнология Орталығында болды.
Орталыққа жасалған саяхат Зияткерлік мектеп оқушыларына Қазақстандағы биология ғылымының даму деңгейін түсінуге көмектесті. Ұлттық биотехнология орталығына келген 8-11 сынып оқушыларын ыстық ықыласпен қарсы алған орталық қызметкерлері отандық ғалымдардың зерттеу жұмыстарымен таныстырды.
Экскурсия барысында оқушыларға Орталықтың ғылыми жетістіктері: генге диагноз жасау, бағаналық жасуша, регенеративті медицина, сұрыптау және өсімдіктердің генетикалық ресурстарын сақтау, ветеринарияға арналған вакциналар, биологиялық белсенді қоспалар, азықтық препараттар мен ферменттер салаларындағы зертханалық жұмысын көрудің сәті түсті.
Айта кету керек, Ұлттық биотехнология орталығының құрылымдық бөлімшелері Астана және Степногорск қалаларында орналасқан. Астанада түрлі бағыттағы 13 зертхана жұмыс істейді. Осы зертханалардың жұмысымен танысу барысында оқушылар жүзеге асыру үшін таңдалатын жаңа идеялардың қалай талқыланатынын білді, ғылыми қызметкерлердің жұмыс процесін бақылап, биотехнологтардың жұмыс мазмұны мен атқаратын қызметі жайлы мол мағлұмат алды.
11- сынып оқушысы Нұртөре Арынұлы әсерлі экскурсияның биотехнология саласындағы іргелі және колданбалы ғылыми зерттеулер туралы көп білуге көмектескенін атап өтті.