Жас өлкетанушылардың қызықты кездесулері мен әсерлі саяхаттары

Сонау 2012 жылдың маусымында Назарбаев Зияткерлік мектептерінде  «Туған елге тағзым» зерттеу-өлкетану экспедициясы басталған болатын. Осы жеті жылда Нұр-Сұлтан қаласы физика-математика бағытындағы Зияткерлік мектептің жас өлкетанушылары Ақмола облысына, Шығыс – Қазақстан, Алматы, Павлодар, Қызылорда, Жамбыл, Маңғыстау облыстарына саяхат жасап, Алматы, Қостанай, Атырау, Ақтау, Шымкент, Тараз қалаларында болды.

2019 жылдың 16 маусымында  12 оқушыдан тұратын Зияткерлік мектептің өлкетанушылар отряды  Орал қаласына келді.  Теміржол вокзалында экспедицияға қатысушы астаналық балаларды Орал қаласындағы Зияткерлік мектептің оқушылары мен мұғалімдері қарсы алды.

16 -23 маусым аралығында жас зияткерлер Жайық жағасындағы бай өлкемен танысып, еліміздің батыс аймағын зерттейтін болады. «Туған елге тағзым» өлкетану экспедициясы барысында олар елдегі көне жәдігерлермен, архитектуралық нысандармен таныспақ. Экспедицияда археологиялық қазба жұмыстарын жүргізу, мұрағаттардағы құжаттарды зерделеу арқылы тарихи-мәдени танымдарын толықтырады. Сондай-ақ жоба аясында оқушылардың өңірдің бірегей тұлғаларымен кездесуі де көзделген.

17 маусымда экспедициялық отряд «Рухани жаңғыру» мұражайында болды, М.Өтемісов атындағы Батыс-Қазақстан мемлекеттік университетімен танысты. Бағдарламаға сай «Жайық» қалашығы мен «Тақсай қорған» кешеніне саяхат жасады.

Алда жас өлкетанушыларды қойны қызыққа толы сұлу өлкенің сырын ашуға көмектесетін  танымды саяхаттар мен қызықты кездесулер күтіп тұр.