«ЖАСАМПАЗДЫҚ ПЕН ДАМУ ЖЫЛДАРЫ» ТАРИХ САБАҒЫ

15 қыркүйекте Нұр-Сұлтан қаласы физика-математика бағытындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінде Тәуелсіздіктің 30 жылдығына арналған «Жасампаздық пен даму жылдары» атты ашық сабақ өтті.

Сабақтың мақсаты – Ұлт Көшбасшысы – Нұрсұлтан Назарбаевтың Тәуелсіз Қазақстанның қалыптасуы мен дамуындағы рөлі мен үлесін көрсету.

Тәуелсіздік тарихын зерттеудің маңыздылығы туралы ашық сабаққа Нұр-Сұлтан қаласының жетекші мектептерінің мұғалімдері мен оқушылары шақырылды. Зияткерлік мектептің 9-сынып оқушыларымен қатар сабаққа тікелей эфир кезінде 700-ден аса адам қосылды.

Сабақты тарих пәнінің мұғалімі Ержан Шағимолдин жүргізді. Мұғалім  Қазақстанның өркендеген, дамушы, халықаралық аренада белгілі ел болуына мүмкіндік берген, тәуелсіз еліміздің тарихында елеулі орын алатын оқиғаларды атап өтті.

Сабақ барысында байланысқа шыққан Тәуелсіздік құрдастары, Зияткерлік мектептің жас мұғалімдері Әнел Әлібай мен Мөлдір Ахметбекова өздерінің жетістіктері мен орындалған армандары туралы айтып берді.

Тарих сабағы «Мен Қазақстанды 30 жылдан кейін қалай көремін?» тақырыбы бойынша ой қозғап, болжам жасауға ұласты. Еліміздің жарқын болашағын талқылаған оқушылар Тәуелсіз Қазақстанның даму модельдерін ұсынды.