15 ақпанда Кеңес әскерінің Ауғанстан жерінен шығарылғанына 30 жыл толды. Осы атаулы күнге орай Астана қаласы физика-математика бағытындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің жатақханасында Ауған соғысының ардагерлерімен кездесу өтті.
Кездесуге шақырылған Ауған соғысының ардагері, бүгінгі зейнеткер Каримов Қанат Сарсенбекұлы жас зияткерлерге Отан алдындағы борыш, ел тыныштығы мен бейбіт күннің маңыздылығы жайлы айтып берді.
Кездесу кешінің екінші қонағы Паншер аңғарында Ауған моджахедтеріне қарсы қиян-кескі шайқастарға қатысқан Астана қаласы физика-математика бағытындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің «Алғашқы әскери дайындық» пәнінің мұғалімі Аубакиров Нұралы Қастайұлы болды. Нұралы Қазтайұлы өзінің 18 жастағы жауынгер кезін еске алып, стратегиялық маңызы зор, таулы, ойлы-қырлы Паншер аңғарында болған қақтығыстар жайлы балаларға баяндап берді. Оқушылар отаншылдық рухты оятатын құнды естеліктерімен бөліскен жауынгер-интернационалистерді қызыға тыңдады. Кездесу соңында барлығы бірлесе Ауғанстан жеріндегі соғыс жайлы деректі фильм көрді. Балалар құрметті қонақтарға арнап жатақхана үйірмелерінде дайындалған естелік сыйлықтар табыс етті.