1 маусымда соңғы қоңырау соғылып, оқу жылының аяқталғанына қарамастан Астанадағы физика-математика бағытындағы Зияткерлік мектебінде жұмыс қызу жүріп жатыр. Бүгін, 5 маусымда, 7-11 сынып оқушылары үшін Жазғы мектеп басталды. Биылғы жылғы Жазғы мектеп білім мен жаңалық әлеміне енуге дайын 763 оқушыны қабылдады.
Жазғы мектеп оқушыларға жазды пайдалы әрі қызығушылықпен өткізуге мүмкіндік беретін түрлі білім беру бағдарламаларын ұсынады. Академиялық курстар Жазғы мектептің негізгі бағыттарының бірі болып табылады. Бұл күндері 424 оқушы түрлі оқу пәндері бойынша білімдерін кеңейтіп, алдағы оқу жылына дайындалады.
«Жазғы зерттеу мектебіне» ғылыми зерттеулерге ерекше қызығушылық танытатын 114 оқушы қатыса алады. Мұнда олар таңдалған оқу бағыттары бойынша білімдерін тереңдетіп, зерттеу дағдыларын қалыптастырады.
Олимпиадаға арналған оқу-жаттығу жиындары әртүрлі пәндер бойынша білім сайыстарында жоғары нәтижелерге жетуге ұмтылатын 108 оқушыны тартады. Мұнда олар тәжірибелі ұстаздардың жетекшілігімен қарқынды дайындықтан, тағылымдамадан өтеді.
Жазғы мектеп барысында 100-ден астам оқушы оқу материалын меңгеруде жеке көмек пен қолдау алуға мүмкіндік беретін жеке сабақтар алады.
Сонымен қатар, 13 оқушы роботтарды әзірлеу және бағдарламалауда өз әлеуетін аша алатын робототехника курстарын таңдады.
Жазғы мектептің негізгі құрамдас бөліктерінің бірі – шет тілін оқыту. Жетінші сынып оқушылары тәжірибелі мұғалімдердің көмегімен ағылшын тілінде сөйлеу дағдыларын жетілдіруге мүмкіндік алды. 9-11 сынып оқушылары ағылшын тілінде математика, физика және химиядан SAT, сондай-ақ IELTS сияқты халықаралық емтихандарға дайындалатын болады.
10-11 сыныптағы жоғары сынып оқушылары мотивациялық хаттарды жазудың әдіс-тәсілдерімен танысатын болады. Олар жоғары оқу орындарына түсуге дайындық кезінде үлгі болатын мотивациялық хат жазу дағдыларын қалыптастыра алады. Бұл болашақ түлектердің академиялық мансабында табысты ілгерілеуге көмектесетін құнды тәжірибе болмақ.
НЗМ Жазғы мектебі тек оқу бағдарламасымен шектелмейді. Мектеп оқушыларын жарқын мерекелер, спорттық жарыстар мен қызықты кездесулер күтіп тұр. Әртүрлі оқу-сауықтыру іс-шараларына қатысу балаларға тек жаңа білім алуға ғана емес, сонымен қатар олардың ой-өрісін кеңейтуге және құнды өмірлік тәжірибе алуға мүмкіндік береді.