Жаз айлары мектеп оқушыларының демалыс кезеңі ғана емес, оқу жылында жіберілген олқылықтардың орнын толтырып, жаңа оқу жылына дайындалатын қызу кезең болып табылады. Нұр-Сұлтан қаласындағы физика-математика бағытындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің 10-сынып оқушылары үшін мамырдың соңғы күндері мемлекеттік емтихандар тапсыратын қарбалас шақ болса, 7-9 сыныпта оқитын 304 оқушы үшін бесінші оқу тоқсаны – Жазғы Мектеп басталды.
Зияткерлік мектеп жанында дәстүрлі ұйымдастырылатын Жазғы Мектеп – балалардың шығармашылық дамуы мен белсенді демалуына елеулі ықпал етеді. Жазғы Мектепке қатысушылар арнайы бағдарлама бойынша математика, физика, химия, биология, экономика, информатика пәндерін оқиды. Оқу сабақтары рөлдік ойындар, практикумдар, дәрістер, шеберлік кластары, тренингтер түрінде ұйымдастырылады. Жазғы Мектепте жетінші сынып оқушылары шетелдік мұғалімдер көмегімен ағылшын тілінде сөйлеу дағдысын жетілдірсе, 9- сынып оқушылары SAT (математика, физика, химия ағылшын тілінде) және IELTS сынды халықаралық емтихандарға дайындықты бастайды. 27 мамыр-7 маусым аралығында балалар сан алуан дамытушы, спорттық, сауықтыру, ойын-сауық іс-шараларына қатыса отырып, көптеген жаңа нәрсені оқып үйренеді.