Нұр-Сұлтан қаласы физика-математика бағытындағы Назарбаев Зияткерлік мектебін бітірген 197 оқушыға орта білім туралы аттестаттарды табыс ету салтанаты осы жылы өзгеше ұйымдастырылды. Әсем безендірілген мектеп ауласында әр сынып үшін жеке өткен салтанатты рәсім оқушылар, ата-аналар және мұғалімдер үшін өте әсерлі және көңіл толқытарлық болды.
2020-2021 оқу жылында 11 түлек “Алтын белгі” төс белгісін иеленді, тағы 11 оқу озатына ерекше үлгідегі аттестат табыс етілді. Зияткерлік мектептің «Алтын қорын» құрайтын мектеп бітірушілер қатарына биыл халықаралық физика олимпиадасының бірнеше дүркін жеңімпазы Темірлан Исмағұлов, Ivy League университетіне шақырту алған Дүниежүзілік роботтар олимпиадасының ұлттық кезеңінің күміс жүлдегері Шырын Оспанова, Британдық Колумбия Университетінің «Karen McKellin International Leader of Tomorrow» беделді стипендиясын иеленіп, ертеңгі күннің көшбасшысы атанған Нурия Азаматова, оқу жетістіктері үшін Майами университетінің Президенттік стипендиясын алған Алиас Даурбаев және басқа дарынды түлектер қосылды.
Жас түлектерді құттықтаған мектеп директоры Мейрам Жакенов өз сөзінде: «Бүгін қолдарыңызға алған жай құжат емес, аттестат – талап, еңбек пен табандылықтың сыйақысы. Келешекте көп армандаңыздар, асқақ арманға жету жолында өз қабілеттеріңізді таныта біліңіздер! Зияткерлік мектеп берген білім сіздерге барлық жоспарларыңыз бен армандарыңызды жүзеге асыруға көмектеседі деп сенемін»,- деді.