Нұр-Сұлтан қаласы физика-математика бағытындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінде 2020 жылдың 21 қарашасында жалпы білім беретін пәндер бойынша республикалық олимпиаданың бірінші, мектепішілік кезеңі басталады. Бүгінгі күні қатысушылар тізімі бекітіліп, олимпиаданы ұйымдастырушылар мен үйлестірушілер дайындық жұмысына қызу кіріскен. Биыл онлайн режимде өтетін олимпиаданың мектепішілік кезеңіне 8-11сыныптарда оқитын 450 аса оқушы қатыспақшы. Мектеп директорының ғылыми-әдістемелік жұмыс бойынша орынбасары Рамазан Оспанның айтуынша, пән олимпиадасы – әр оқушы өз білімін көрсетіп, дарынын таныта алатын зияткерлік чемпионат. Олимпиада мектеп оқушыларының теориялық білімі мен тәжірибелік шеберлігін тереңдету мақсатында жыл сайын өткізіледі. Мектепішілік кезеңнің басты мақсаты дарынды балаларды анықтау , оларға қолдау көрсету, желілік кезеңге қатысатын оқушыларды iрiктеу және даярлау болып табылады. Сонымен қатар пәндік олимпиаданы білім сапасын анықтайтын басты көрсеткіштердің бірі ретінде де қарастыруға болады.
