2018 жыл 1 қыркүйекте Астана қаласы физика-математика бағытындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің оқушыларын Білім еліне шақырған алғашқы қоңырау соғылды.
Білім күніне арналған салтанатты саптүзеу «Ұлы дала» хореографиялық композициясымен басталды. Жаңа оқу жылының басталуымен мектеп ұжымын, «Өркен» білім грантын жеңіп алып, Зияткерлік мектепте білім алу мүмкіндігіне ие болған 7-сынып оқушылары мен олардың ата-аналарын мектеп директоры Мейрам Әміржанұлы Жакенов құттықтады.
Жаз – Назарбаев Зияткерлік мектебінің оқушылары үшін түрлі білім сайыстары мен әлеуметтік тәжірибелер өтетін қызу кезең. Мейрам Әміржанұлы жазғы каникул күндерін өз білімдерін шыңдауға пайдаланып, осы жазда түрлі байқаулар мен олимпиадаларда ерекшеленген оқушыларды марапаттады. Олар:
Мұратов Әділхан – информатикадан Якутияда өткен «Туймаада» олимпиадасында 3 орын,
Өмурзақ Асылбек – Тайландта өткен IESO 2018 Халықаралық Жер туралы ғылымдар олимпиадасының қола медаль иегері,
Кажен Камила – Тайландта өткен IESO 2018 Халықаралық Жер туралы ғылымдар олимпиадасының командалық есептегі алтын медаль иегері, Байлин Амирхан – Португалияда физикадан өткен халықаралық олимпиаданың құрмет грамотасы,
Робототехника WRO-2018 Ұлттық олимпиада жеңімпаздары: Жамбыл Альтаир 9F, Анет Жарас 9F – 1 дәрежелі диплом, Жатканбаева Сагида 10B, Оспанова Шырын 10E, Маукей Зульфхар 12А, Сарбасова Алика 12Е – 2 дәрежелі диплом.
Халықаралық ғылыми конференция жүлдегерлері: Даурбаев Алиас 11G, Бектурсын Хазретали 11G, Рамазан Азимжан 9Е.
Салтанатты шараның жүргізушілері оқу жылын жоғары нәтижемен аяқтаған шәкірттер шет елде жұлдызы биік тұрған Стэнфорд, Колумбия, Джонс Хопкинс университеттері сынды оқу орындарында жазғы курстардан өткені туралы мақтанышпен атап өтті.
Сонымен қатар мектеп оқушылары «2 апта ауылда» жазғы әлеуметтік жобасына қатысты, 515 бала өз ата-анасының жұмысында 10 күндік іс-тәжірибеден өтті, 271 оқушы «Ата-ана жұмысында 1 күн» жобасы аясында ата-аналарының жұмыс орнында болып, олардың атқаратын қызметімен танысты.
2018-2019 оқу жылында Зияткерлік мектепте 153 мұғалім қызмет етсе, оның 9 Канада, АҚШ, Кения, Оңтүстік Африка, Финляндия сынды мемлекеттерден келген шетелдік ұстаздар. Экономика пәнінің мұғалімі David Annan осы жазда экономика ғылым докторы атанып, PhD дәрежесін қорғады. Ал биология пәнінің мұғалімі Hassan Sabereнің педагогика саласында екі кітабы жарияланған, сондай-ақ ол “learning concept of K_L_M: Instructional and Learning Escalation” атты ғылыми еңбектің авторы.
Салтанатты шарада ұстаздар атынан мектеп ұжымын жаңа оқу жылымен құттықтау Hassan Sabere мен жақында Ы.Алтынсарин төсбелгісімен марапатталған химия пәнінің мұғалімі Уралбаева Қарлығаш Абдулхайырқызына берілді.
Мерекелік салтанаттың шарықтау шегінде мектеп үйірмесінде қыштан арнайы жасалған қоңырау соғылып, жаңа, оныншы оқу жылының басталғаны туралы жар салды. Алғашқы қоңырауды соғу құрметі «FLEX» бағдарламасы бойынша бір жыл АҚШта оқып келген 12 А сынып оқушысы, оқу озаты, «Алтын белгі» төсбелгісінен үміткер Сүлейменов Ахатқа және 7 В сынып оқушысы Қайырбек Назиляға берілді. Алғашқы қоңырау оқушыларды Патриоттық форумға және «Мен өз елімнің патриотымын!» атты Шаңырақ сағаттарына шақырды.
Білім күнімен жаңалықтар мен қызықты сабақтарға, олимпиадалар мен ғылыми жобалар сайыстарына, көңілді іс-шараларға толы 2018-2019 оқу жылы басталды.
Білім еліне сәт сапар, достар!