Елордалық физика-математика бағытындағы Зияткерлік мектеп түлегі Ануар Акчурин Florida Institute of Technology Жыл Студенті болып танылды.
6500 мыңнан аса студенті бар білім ордасы mechanical engineer мамандығы бойынша білім алатын 4 курс студенті Ануардың жетістіктерін ресми мойындайтынын 15 сәуірде Мелборн қаласында (АҚШ) өткен үздік студенттерді марапаттау рәсімінде жария етті. Оқудағы озық нәтижелері мен белсенді қоғамдық ұстанымы үшін жеңімпаз танылған Ануар Акчуринге – Жыл студентінің атаулы дипломы табыс етілді.
2018 жылы елордалық Зияткерлік мектепті бітірген Ануар – халықаралық дәрежедегі спорт шебері. 2021 жылы ол каноэде ескек есуден АҚШ чемпионы атанған болатын.
Талапты жас Қазақстан Республикасының бірнеше дүркін жүлдегері (2017-2019), Самарқанд қаласында 2016 жылы өткен Азия кубогының чемпионы, 2018 жылы Словакияның Пиштань қаласында Халықаралық Регатта 200 метр қашықтықта бірінші орын алды. Болгарияда ( София қаласы) 200 метр қашықтықта жастар арасында 2018 жылғы әлем чемпионатының күміс жүлдегері. Самарқанд, Өзбекстанда 500, 200 метр қашықтықта 2018 жылғы Азияның екі дүркін чемпионы. 2021 жылғы АҚШ чемпионатының жүлдегері (Оклахома Сити қ.) – 200 метр қашықтықта бірінші орын алған.
Зияткерлік мектеп мұғалімдері талапты түлектің жаңа жетістіктеріне қуанып, Ануарды мақтан тұтады.