2018 жылдың 12 қазанында Астана қаласындағы физика-математика бағытындағы Назарбаев Зияткерлік мектебіне Білім жетістіктерін бағалаудың халықаралық ассоциациясы IEA (International Association for the Evaluation of Educational Achievement) 59-шы съезіне қатысушы делегаттар келді. IEA бастауыш және орта білім берудің сапасын халықаралық бағалаудың тиімді құралы саналатын, әрі мемлекеттік білім беру саясатын нығайту бойынша ұсыныс жасауға негіз болатын TIMSS, PIRLS, ICILS, ICCS, LaNA секілді халықаралық зерттеулерді жүзеге асыратын беделді ұйым. Зерттеу және бағалау сарапшыларын «Назарбаев Зияткерлік мектептері» ДББҰ Басқарма төрайымының орынбасары Н.А. Аюбаева мектеп директоры М.Ә.Жакенов қарсы алды. Басқарма төрайымының орынбасары Н.А. Аюбаева қонақтарды Зияткерлік мектептердің даму стратегиясымен, оқыту ерекшеліктері мен NIS-Programme оқу бағдарламасымен таныстырып өтті. Кездесу соңында IEA өкілдері Зияткерлік мектептің оқу кабинеттерін аралап, физика кабинетінің кеңейтілген зертханасында, робототехника кабинетінде болды, мектеп кітапханасы мен телестудия жұмысымен танысты.