2019 жыл 27 қарашада Нұр-Сұлтан қаласы физика-математика бағытындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінде қала мектептерінің 6-сынып оқушылары үшін «Ашық есік» күні ұйымдастырылды. Есігін кішкентай қонақтарына айқара ашқан Зияткерлік мектеппен танысуға 500-ден аса оқушы жиналды.
Мектептің акт залында оқушыларды мектеп директоры Мейрам Жакенов қарсы алып, Зияткерлік мектеп туралы айтып берді, мектеп түлектерінің жетістіктеріне тоқталды.
Зияткерлік мектептің білім беру ортасымен, оқыту ерекшелігімен, оқушылардың тыныс-тіршілігімен жақын танысу үшін қонақтарға арнап арнайы бағдарлама дайындалды. Барлық оқушылар 10 топқа бөлініп, алдын ала белгіленген бағдар бойынша станцияларды аралады. Әр станцияда қонақ балаларды мектеп мұғалімдері мен жоғары сынып оқушылары қарсы алып, түрлі қызықты тапсырмалар берді.
Мектеп оранжереясында орналасқан «Ғажайып биология» станциясында балаларға «адам ағазына саяхатқа» шығуды ұсынды.
«Роботикс» станциясында 6-сынып оқушылары роботтарды басқаратын және түрлі бағытта қозғалтатын программа жазып үйренді. «Фиксики» станциясында берілген сызбанұсқа бойынша тізбек құрастырып, электр шамын жақты. «Әдебиет» станциясында балалар «Своя игра» ойынын ойнаса, «Математическая» станциясында логикалық есептер шығарды. «Химия» станциясында фейерверк – от шашулардың түсі неге сан түрлі болып құбылатынын анықтады.
Сондай-ақ ұйымдастырушылар бағдарлама бойынша қонақтарға мектептің спорт залын, оқу кабинеттері мен зертханаларын көрсетіп, әр балаға өзін Зияткерлік мектеп оқушысы ретінде сезінуге мүмкіндік берді.
Командалар Зияткерлік мектепке жасаған саяхатын аяқтаған соң акт залына жиналды. Онда қонақтарға арнап физика пәні мұғалімдері қызықты тәжірибелерден тұратын «Физикалық шоу» көрсетті.
«Ашық есік» күні Зияткерлік мектептің болашақ шәкірттерінің құрметіне ракета ұшырумен аяқталды.