Жаңалықтар
Ел Тәуелсіздігінің 33 жылдығына орай тарихи қойылым көрсетілді
13 желтоқсан 2024 16:58
Ақтөбедегі Назарбаев Зияткерлік мектебінде Ел Тәуелсіздігінің 33 жылдығына орай ұйымдастырылған апталық іс-шаралар «Қасірет қақпасы» атты әсерлі қойылыммен қорытындыланды.
Қойылымда жазықсыз атылған репрессия құрбандарының, АЛЖИР лагерінде қамауда болған олардың жұбайларының ауыр тағдыры көрсетілді. Тарихи сахнаны қоюшылар ұлт зиялыларының азаттық жолында кешкен азабын көрсету арқылы көрерменге Тәуелсіздіктің ең қымбат құндылық екенін ұғындыруды көздеді.
Шара соңында мектеп директоры Қайырбек Буксукбаев баршаны Тәуелсіздік мерекесімен құттықтап, қойылымды ұйымдастырушы қызметкерлер мен оқушыларға алғысын білдірді.
«Еліміздің ендігі егемендігі сіздерге байланысты. Бабаларымыз найзаның ұшымен, білектің күшімен қорғаған қасиетті жер - бізге аманат. «Білекті бірді, білімді мыңды жығады» дейді. Білім – болашақтың негізі. Барлық салада тәуелсіз, дербес болуымыз үшін, сіздер білімді болуларыңыз керек» - деді ол.
Сондай-ақ, мереке қарсаңында бірқатар мектеп қызметкері алғыс хаттармен марапатталды.
Тағылымды шара Тәуелсіздік мерекесінің мәнін терең түсінуге, оқушылардың бойында отансүйгіштік рухты нығайтуға үлес қосты.